Күріш институтының ұйымдастыруымен өңіріміздің барлық шаруа қожалықтарын қамтыған «Күріш ауыспалы егісіне құрғақшылық пен топырақ тұздылығына бейімделген ауыл шаруашылық дақылдарын ендіру және топырақ құнарлылығын бағалау» атты семинары Қазалы ауданының, Ғани Мұратбаев ауылы, РЗА-Агро ЖШС-де өз мәресіне жетті. Мұнда Қазалы және Арал аудандарының шаруа қожалықтары басшылары мен өкілдері қатысып күріш ауыспалы егістіктерінде топырақ құнарлығын арттыратын дақылдарды егу маңыздылығы сөз болды.
Семинарға ФАО-ГЭФ жобасының үйлестірушісі Айжан Қарабаева арнайы келіп қатысушыларға жобаның діттеген мақсатымен таныстыра тұра, құрғақшылық жағдайында да барынша жердің құнарлығын жоғалтпау маңыздылығын тілге тиек етті. Лектор, а/ш ғылымдарының кандидаты Қанағат Бегалиев қатысушыларды қант құмайы дақылымен таныстырып оның топыраққа берер тиімді әсерін және бұл дақылдан шығатын өнімдердің үлкен сұранысын байқатты. Күріш институтының Басқарма төрағасының орынбасары Жанұзақ Байманов ФАО-ГЭФ жобасы ұсынып отырған топырақ жағдайын тексеруге арналған рюкзакпен таныстырды. Бұл қарапайым құралдардан тұратын жиынтық арқылы әрбір агроном өз егістік алқаптарында топырақ жағдайын өзі зерттей алады. Жақын арада осыған орай арнайы семинар ұйымдастырылып әр шаруашылыққа осындай рюкзактар тегін үйлестірілетін болады.
Семинарлар циклы «Орталық Азия мен Түркиядағы құрғақшылыққа бейім және сортаңданған аймақтарындағы ауылшаруашылық өндірістеріндегі табиғи ресурстарды кешенді басқару» ФАО-ГЭФ жобасы аясында ұйымдастырылды.





















