Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы министрлігінің “Білім мен ғылыми зерттеулердің қолжетімділігін арттыру” бюджеттік бағдарламасы аясында “Агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін ақысыз негізде ақпараттық қамтамасыз ету” кіші бағдарламасын іске асыру мақсатында «Ер-Әлі» шаруа қожалығында «Суаруды автоматтандыру мен есепке алудың су ресурстарын үнемдеуге және күріш өнімділігін арттыруға әсері» тақырыбында семинар өтті.
Егіншілік аясындағы жаңашылдықтарға көз тіге, құлақ түре жүретін әріптес азаматтардың басы қосылған бұл жиынның өзектілігі де заманның ығына бейім, соңғы кездердегі көкейтесті мәселелердің бірі – суды үнемдеу.
Семинардың практикалық бөлігінде австралиялық «Rubicon Water» суаруды автоматтандыру компаниясының шаруашылықтың егістікті суару арнасына қабылданған судың әр литріне дейін санап отыратын қондырғысы мен күріш атыздарында суды бір қалыпты ұстап тұру қондырғысы таныстырылды. Соңғысы үйреншікті жағдайда суарумен салыстырғанда әр атыздағы суды 10000 текше метрге дейін үнемдейтін көрінеді.
ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің вице-министрі Аслан Абдраимов алғы сөзінде ауыз су мен суармалы суды ұтымсыз пайдалану оның одан да көп тапшылығына әкелетінін тілге тиек етсе, облыстық ауылшаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бастығы Талғат Дүйсебаев су ресурстарын реттеуді жоғарыдан талап етуден гөрі оны тиімді пайдалануды өзімізден бастау керек екенін жеткізді.
Күріш институтының ғалымдары Серікбай Өмірзақов пен Жанұзақ Байманов өңіріміздің қазіргі су жағдайы, проблемалары мен оларды шешу жолдарын есеп қисабы мен дәйек-дәлелдерімен жеткізе білді.
«Rubicon Water» компаниясының қазақстандық өкілі Ержан Төлегенов өз кезегінде су үнемдегіш автоматтандырылған қондырғылар жүйесімен таныстырды. Бұл қондырғылар арнайыланған суға төзімді материалдан жасалынғаннан өміршең келеді екен. Оны орнату да көп қаражатты қажет етпейді, жалпы айтқанда шаруашылықтардағы зая кеткен аяқ судың жылдық мөлшерімен теңеуге келеді..
Әліби Бекжанов өз шаруашылығын шағын бейне көрсетіліммен сүйемелдей отырып танстырды. Ғылыми негіздемелерге арқа арта отырып еккен егіннің қай түрі де өз нәтижелерін беруде. Біздің өңірімізде алма өңбейді деген тұжырымды жоққа шығарған да осы “Ер-Әлі” шаруашылығы десек, осындай көзқараспен биыл қолға алып отырған балық шаруашылығы да өз жемісін берері хақ. Жаңашылдыққа құмарлығы да сол автоматтандырылған суару жүйесін алғашқы болып орнатуы да оған куә.
Іс-шараны қорытындылай келе қатысушылар су үнемдегіш қондырғылардың тиімділігіне аса қызығушылық танытып бұл жүйені өңірімізде жаппай орнатудың ауылы алыс емес екендігін аңғартты. Семинар соңында қатысушыларға сертификаттар тапсырылды.



















