Қызылорда қаласы әкімдігімен бірлесе Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты өз ғылыми тәжірибелік алаңында дәстүрлі көктемгі егін басы – «Дала күні» ұйымдастырылып ақсақалдардан судың мол, егіннің бітік шығуына бағышталған батасын алып күріш тұқымын себу рәсімін өткізді.
Қала әкімі Серік Салауатұлына институт ғалымдары биылғы егілетін күріш және басқа да әртараптандыру дақылдарының сорттары мен егін алқаптарының жайымен таныстырды.
Жалпы Күріш институтының ғылыми-тәжірибелік алаңқайына биыл 600 га алқапқа Айсара (10 тн), Сыр Сұлуы (10 тн) және Янтарь (132 тн) күріш тұқымдары себілу жоспарланған. Сол сияқты 264 га жерге мал азықтық дақылдары орналастырылса 2 га жерге арпа егілуде. Одан басқа ерте егілетін дақылдардың егіс көлемі – Жаңа жоңышқа 60 га, Қант құмайы 40 га, Жаздық арпа 2 га. Көктемгі дала жұмыстарының уақытылы басталып, сапалы жүргізілуі үшін қажетті шаралар қабылданған. Ауыл шаруашылық техникасы, минералды тыңайтқыштар мен дизель отыны да жеткілікті мөлшерде даярланған. Қазіргі таңда күріш тұқымы себілген алқаптарға су жіберілуде.




















